Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Халық сеніміне қызмет еткен учаскелік инспектор

Павлодар қаласы полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімінің №13 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторы Сабыр Саиповтың жұмыс күні азаматтарды қабылдаудан басталады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бірі арыз-шағымын айтып келсе, енді бірі кеңес пен көмек сұрайды. Алайда кабинетте ұзақ отыруға мүмкіндік жоқ. Көп ұзамай кезекті шақырту түсіп, профилактикалық іс-шаралар, есепте тұрған азаматтарды тексеру, мас күйіндегі адамдарды Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізу, тұрғындармен кездесу және қызметтік құжаттарды рәсімдеу сияқты күнделікті міндеттер жалғасады. Оның әрбір жұмыс күні осындай қарбаласпен өтеді.

Сабыр Саипов ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2013 жылы бастаған. Ал 2016 жылдан бері учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып келеді. Осы уақыт ішінде ол өзіне бекітілген әкімшілік аумақтағы тұрғындарды жақсы танып білді. Өз кезегінде тұрғындар да учаскелік инспекторын жақсы таниды әрі қажет кезде оған сеніммен жүгінеді.

Қарбалас қызметіне қарамастан, Сабыр отбасымен бірге түскі ас ішуге уақыт табуға тырысады. Бір қызығы, болашақ жарымен ол қызметтік шақыртулардың бірінде танысқан. Бүгінде олар екі бала тәрбиелеп отыр. Үйіне оралғанда оны әрдайым ең жақын жандары қарсы алады.

Учаскелік полиция инспекторының қызметі жұмыс уақытымен ғана шектелмейді. Тұрғындар күнделікті тіршілігімен айналысып жүрген сәтте де ол кез келген уақытта көмек көрсетуге дайын. Өйткені учаскелік полиция инспекторының басты міндеті – тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қажет кезде бірінші болып көмекке келу.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру