Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда есірткі қылмысына қарсы күрестегі қызметтік иттердің жұмысы таныстырылды

Тараз қаласында "Қарасора-2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы және "Оқушылар есірткіге қарсы" акциясы аясында "Бақытты болашақ" оқушылар сарайының тәрбиеленушілеріне арналған танымдық көрсетілім ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараны Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен кинологиялық қызметі, Тараз қаласы әкімдігінің жастар ресурстық орталығы, сондай-ақ есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес құрамындағы "Нығмет Нұры" қоғамдық бірлестігі бірлесіп өткізді.

Көрсетілім барысында оқушылар полицияның қызметтік иттерінің жұмысымен танысты. Төрт аяқты көмекшілер есірткі заттарының муляждарын дәл анықтап, із кесу жұмыстарын жүргізіп, кинологтардың командаларын мүлтіксіз орындап, шартты құқық бұзушыларды ұстау тәсілдерін көрсетті. Бұл көріністер оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, олар кинологиялық қызметтің жұмысына қатысты көптеген сұрақ қойды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері жасөспірімдермен профилактикалық кездесу өткізіп, есірткі заттарының, әсіресе синтетикалық есірткінің адам ағзасына тигізетін зияны туралы кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ есірткі құралдарының заңсыз айналымы мен оларды пайдаланғаны үшін көзделген құқықтық жауапкершілік жөнінде ақпарат берді.

Мұндай іс-шаралар жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыруға ықпал етеді.

Полиция қызметкерлерімен ашық форматта өткен кездесулер, нақты мысалдар мен құқық қорғау органдарының күнделікті қызметімен танысу жасөспірімдердің есірткі ортасына тартылуының алдын алудың тиімді тетіктерінің бірі болып саналады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру