Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да "Қауіпсіз жол" іс-шарасының алғашқы түнінде мас күйде көлік жүргізген төрт адам ұсталды

СҚО-да "Қауіпсіз жол" іс-шарасының алғашқы түнінде мас күйде көлік жүргізген төрт адам ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Күшейтілген рейдтердің алғашқы түнінде полицейлер мас күйде көлік басқарған төрт жүргізушіні анықтады.

Жаз мезгілінде көлік қозғалысы артып, демалыс орындарына баратын тұрғындар саны көбейеді. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер мен балалардың жолдағы белсенділігі артады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрескел құқық бұзушылықтардың жолын кесу бағытында күшейтілген жұмыстар жүргізуде.

Іс-шара барысында қала сыртындағы автожолдарға да ерекше бақылау қойылды. Себебі жазғы кезеңде алыс сапарға шығатын жүргізушілер саны артып, ауыл тұрғындары жүк тасымалымен жиі айналысады.

Мәселен, Ақжар ауданында полицейлер 45 жастағы жергілікті тұрғын басқарған Volkswagen автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде көліктен тиісті ветеринариялық құжаттары жоқ екі жылқының ұшасы табылды. Қазіргі уақытта аталған еттің шығу тегі және оның ұрланған малға қатыстылығы тексерілуде.

Сондай-ақ осыған ұқсас фактілер басқа аудандарда да анықталды. Бұған дейін Ақжар ауданында Nissan автокөлігінің тіркемесімен жеті қой тасымалданғаны белгілі болса, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда полицейлер жүк салғышында екі сиыры болған Mercedes автокөлігін тоқтатты. Аталған жағдайлар бойынша мал ұрлығы фактісін жоққа шығару мақсатында тексеру жүргізілуде. Жүргізушілер ветеринариялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы рейдтің алғашқы түнінде Солтүстік Қазақстан облысында жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзудың 18 дерегі анықталды.

Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қауіпсіздігі талаптарын сақтауға, көлік құралын мас күйде басқармауға және жол қозғалысына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру