Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көкшетауда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған акция өтті

Өткен демалыс күндері Қопа көлінің жағасында Көкшетау қаласында "Қауіпсіздік аумағы" атты ауқымды ведомствоаралық профилактикалық акция ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараны Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкерлері Төтенше жағдайлар департаменті, прокуратура, жедел медициналық жәрдем қызметі, полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, сондай-ақ "Жастар Рухы" жастар қанаты мен "Жасыл Ел" қозғалысының еріктілерімен бірлесіп өткізді.

Акция барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға ерекше назар аударды. Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтарына есірткінің адам денсаулығына тигізетін зияны, оны заңсыз айналымға шығарудың құқықтық салдары туралы ақпараттық жадынамалар таратылды.

Сонымен қатар азаматтарға есірткі заттары жасырылған орындар анықталған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі түсіндірілді. Полицейлер тұрғындарды қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді атсалысуға және күмәнді фактілер туралы дереу полиция органдарына хабарлауға шақырды.

Іс-шараға қатысқан Төтенше жағдайлар департаменті мен жедел медициналық жәрдем қызметінің өкілдері демалушыларға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін, балаларды қараусыз қалдырмаудың маңызын және жазғы кезеңдегі сақтық шараларын сақтау қажеттігін еске салды.

Акцияға 50-ден астам ерікті қатысып, профилактикалық жұмыстарға белсенді үлес қосты. Олар тұрғындарға ақпараттық материалдар таратып, сондай-ақ "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық бастамасы аясында жағалау аумағын тазалау жұмыстарына атсалысты. Бұл арқылы қоршаған ортаға ұқыпты қарау мен қоғамдық жауапкершіліктің маңызын көрсетті.

Іс-шараға Көкшетау қаласының 1,5 мыңға жуық тұрғыны мен қонағы, оның ішінде жастар қатысты.

Осындай ведомствоаралық профилактикалық акциялар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, есірткіге қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыруға, қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін нығайтуға және мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер арасындағы өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру