Ақтөбеде шетелдік нөмір тағылған көлікпен жүрген жүргізуші 33 рет ереже бұзған
Ақтөбеде "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бірнеше мәрте өрескел бұзған жүргізушіні анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның мәліметінше, 22 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны әкесінің үйде жоқтығын пайдаланып, оның Toyota автокөлігін рұқсатсыз айдап кеткен. Кейін көлікке шетелдік мемлекеттік тіркеу нөмірін тағып, қала көшелерінде емін-еркін жүрген.
Небәрі үш күннің ішінде жас жүргізуші жол қозғалысы ережелерін 33 рет бұзып, жалпы сомасы 1 млн 300 мың теңгеден асатын айыппұл арқалаған. Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі белгіленген жылдамдық режимін асыруға байланысты тіркелген.
Нәтижесінде жауапсыз әрекеттің соңы заң алдында жауап берумен аяқталды. Жүргізушіге қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, автокөлік мамандандырылған айып тұрағына қойылды.
Полиция мемлекеттік тіркеу нөмірін ауыстыру бейнебақылау және автоматтандырылған бақылау жүйелерінен жасырынуға мүмкіндік бермейтінін ескертеді. Ал жылдамдыққа әуестік қысқа уақыт ішінде қомақты айыппұлға ғана емес, ауыр жол-көлік оқиғасына да себеп болуы мүмкін.
Жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір жүргізушінің заң алдындағы міндеті әрі жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігінің басты кепілі.
