Зайсан көлінде келушілерге судағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
ШҚО Тарбағатай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарымен бірлесіп, Зайсан көлінің жағалауында профилактикалық рейд ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның мақсаты – судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және демалушылардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру.
Рейд барысында тәртіп сақшылары азаматтарға тек арнайы белгіленген орындарда шомылудың маңызын түсіндіріп, мас күйінде суға түсуге болмайтынын ескертті. Сонымен қатар ата-аналарға балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау қажеттігі, ал қайықпен серуендеу кезінде құтқару кеудешесін міндетті түрде кию керектігі түсіндірілді.
Полицейлер мен құтқарушылар демалушыларға төтенше жағдайлар қызметтерінің байланыс нөмірлері көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратып, судағы қауіпсіздік қағидаларын тағы бір мәрте еске салды. Әсіресе балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің жауапкершілігі мен қырағылығына байланысты екеніне ерекше назар аударылды.
– Су қауіпсіздік талаптарын елемеуді кешірмейді. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау мен дер кезінде танытылған қырағылық адам өмірін сақтап қалуы мүмкін, – дейді полиция қызметкерлері.
Полицияның хабарлауынша, тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мұндай профилактикалық іс-шаралар жазғы маусым бойы аудан аумағындағы су айдындарында тұрақты түрде жалғасады.
