Ақмола облысы ПД тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы профилактикалық бейнеролик дайындады
Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және тұрмыстық негізде жасалған ауыр қылмыстардың алдын алуға арналған әлеуметтік бейнеролик дайындады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық бір сәтте пайда болатын құбылыс емес. Көп жағдайда оған агрессия, алкогольді шамадан тыс тұтыну, эмоцияларды басқара алмау және отбасындағы жанжалдарды күш қолдану арқылы шешуге болады деген қате түсінік себеп болады. Осындай мінез-құлықтың соңы қайтымсыз салдарға әкеліп, адамдардың тағдырын түбегейлі өзгертуі мүмкін.
Осы маңызды мәселенің алдын алуға бағытталған бейнероликте тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін сотталған азаматтардың шынайы оқиғалары баяндалады. Олар өздерінің жіберген қателіктері, жасаған әрекеттерінің салдары және бүгінгі өкініштері туралы ашық әңгімелейді. Бұл оқиғалар агрессияның қандай ауыр зардаптарға жеткізетінін көрсетіп, өз эмоцияларын басқара алмай жүрген немесе отбасындағы жанжалдарға жиі тап болатын адамдар үшін маңызды ескерту ретінде ұсынылған.
Бейнероликте психологтардың сотталғандармен жүргізетін жұмысына да ерекше назар аударылған. Мамандар психокоррекциялық бағдарламалардың көмегімен агрессивті мінез-құлықтың себептерін анықтауға, эмоцияларды бақылау дағдыларын қалыптастыруға, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауға және жанжалдарды зорлық-зомбылықсыз шешу тәсілдерін меңгеруге көмектесетінін айтады.
Бейнероликтің негізгі идеясы – зорлық-зомбылықтың ең тиімді алдын алу шаралары қылмыс жасалғаннан кейін емес, оған дейін басталатынын жеткізу. Адам өз мәселесін дер кезінде мойындап, мамандардың көмегіне жүгінсе, отбасылық жанжалдың ушығуына және ауыр салдардың алдын алуға болады.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі азаматтарды тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарамауға, қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін уақтылы мамандардың көмегіне жүгінуге және құқыққа қарсы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Өйткені адамдардың қауіпсіздігі, денсаулығы мен өмірі әрқайсымыздың жауапкершілігімізге тікелей байланысты.
