Алматыда мас жүргізушілер жауапқа тартылды
Алматыда алты күнде 81 мас жүргізуші және қарсы бағытқа шыққан 47 жүргізуші анықталып, жолы кесілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерінің жолын кесу және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру мақсатында өткізіліп жатқан республикалық “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр.
Іс-шараның алғашқы алты күнінде полиция қызметкерлері 4 800-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін анықтады. Оның ішінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтар да бар.
Атап айтқанда, 81 жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылса, 47 жүргізуші қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция мұндай әрбір деректің артында адам өмірі тұрғанын еске салады. Өйткені дәл осындай өрескел құқық бұзушылықтар ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі болып тұр.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілген режимде жалғасуда. Сонымен қатар полиция жолдағы қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарының жұмысына ғана емес, әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілігіне де байланысты екенін атап өтеді.
Полиция жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдықты асырмауға, мас күйінде көлік тізгініне отырмауға және жолдағы өзара сыйластық пен заң талаптарын сақтау – адам өмірі мен денсаулығының кепілі екенін әрдайым есте ұстауға шақырады.
