Маңғыстау облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр
Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі – құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталған құқық бұзушылықтарға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнінде мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және лауазымды тұлғаларға ұсыныстар енгізіледі.
Осы жылдың алты айында Маңғыстау облысы полиция департаментінің тергеу және анықтау бөлімшелерімен ҚПК-нің 200-бабына сәйкес 954 ұсыныс енгізіліп, оның 906-сы қаралды.
Енгізілген ұсыныстарды орындау нәтижесінде облыс аумағында 92 бейнебақылау камерасы, көшелер мен автожолдарда 4 жарықтандыру нысаны, 12 дабыл түймесі мен сигналдық құрылғы, сондай-ақ 2 жол белгісі орнатылды.
Сонымен қатар енгізілген ұсыныстарға заңда белгіленген мерзімде жауап бермеген 89 лауазымды тұлға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 479-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аталған жұмыстар құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға, сондай-ақ өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.
