ШҚО бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғанға тыйым салынған заттарды жеткізу әрекетінің жолы кесілді
Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №18 мекемесінде сотталғанға тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеті дер кезінде анықталып, жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мекеменің жедел және тәртіп бөлімдерінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілерімен бірлесіп, сотталған азаматтың атына келген сәлемдемені тексеру кезінде азық-түлік өнімдерінің арасына жасырылған тыйым салынған заттарды анықтады.
Тексеру нәтижесінде: Android операциялық жүйесіндегі планшет, көлемі 32 ГБ жад картасы,
қуаттау құрылғысы тәркіленді.
- Түзеу мекемелерінің режимдік талаптарын қамтамасыз ету және сотталғандарға тыйым салынған заттардың жеткізілуіне жол бермеу – қылмыстық-атқару жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі. Әрбір сәлемдеме мен жолдау белгіленген тәртіпке сәйкес мұқият тексеріледі. Қызметкерлердің кәсіби қырағылығының арқасында мұндай заңсыз әрекеттер дер кезінде анықталып, жолы кесілуде, – Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ресми өкілі Салтанат Ожиканова.
Аталған факті бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандарға тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
