Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында заманауи криминалистикалық құралдардың көрмесі өтті

Қызылорда облысында заманауи криминалистикалық ғылыми-техникалық құралдардың көрмесі өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасы негізінде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың “Заң мен тәртіп” қағидатын іске асыру аясында Қызылорда облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен заманауи криминалистикалық ғылыми-техникалық құралдардың көрмесі өткізілді.

Іс-шара Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлының төрағалығымен өтті.
Көрмеге Қызылорда облысының Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері, облыстық мәслихат депутаты Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы, Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әлтай Нұрсұлтан, жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы Жүсіпов Әділби, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары, экономика және қаржы, цифрлық технологиялар басқармаларының басшылары, полиция департаментінің басшылық құрамы мен жедел-криминалистикалық бөлініс қызметкерлері қатысты.

Көрмеде республикадағы және шетелдегі жетекші өндіруші компаниялардың өкілдері өздерінің озық технологиялық әзірлемелерін ұсынып, криминалистикалық жарық көздерін, атыс қаруы мен көлік құралдарындағы өшірілген сәйкестендіру нөмірлерін қалпына келтіруге арналған арнайы кешендерді, мобильді құрылғылардан цифрлық дәлелдемелерді алуға және талдауға арналған жабдықтарды, сондай-ақ заманауи жылжымалы криминалистикалық зертханаларды таныстырды.

Іс-шара барысында ұсынылған инновациялық ғылыми-техникалық шешімдердің оқиға орнын қарау сапасын арттыруға, заттай және цифрлық дәлелдемелерді тиімді анықтауға, бекітуге және зерттеуге мүмкіндік беретіні ерекше атап өтілді. Бұл өз кезегінде қылмыстарды жедел әрі сапалы ашуға бағытталған жедел-криминалистикалық бөліністердің техникалық әлеуетін нығайтып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Іс-шара қорытындысында жедел-криминалистикалық бөліністерді заманауи цифрлық ғылыми-техникалық құралдармен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базасын нығайту және қажетті жабдықтарды сатып алу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар криминалистикалық қызметтің мүмкіндіктерін кеңейту арқылы құқық қорғау органдарының қылмыспен күрес тиімділігін арттырудың маңыздылығы айтылды.

Қызылорда облысы полиция департаменті алдағы уақытта да құқық қорғау қызметіне заманауи технологияларды енгізу арқылы Мемлекет басшысының “Заң мен тәртіп” қағидатын іске асыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру