Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде сабын өндіретін цех ашылды

Абай облысы бойынша ҚАЖ-дың қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде шаруашылық сабын өндіретін цех ашылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша ҚАЖД-ның қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде шаруашылық сабын өндіретін жаңа өндірістік цех өз жұмысын бастады. Өндірістің іске қосылуы сотталғандарды еңбекпен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге және олардың қоғамға қайта бейімделуіне бағытталған.

Қазіргі таңда цехта салмағы 200 грамм болатын шамамен 700 дана шаруашылық сабыны күн сайын өндіріледі. Алдағы уақытта өндірістік қуатты үш есеге жуық арттырып, тәулігіне 2 000 дана сабын шығару жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта цех ұжымы Павлодар қаласына жөнелтілетін 60 мыңнан астам шаруашылық сабынына берілген ірі тапсырысты орындауды аяқтап келеді.

Бүгінде өндіріс орнында жеті сотталған жұмыспен қамтылған. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын жұмысшылар саны 15 адамға дейін көбейтіледі.

Сотталғандардың еңбекақысы кесімді жүйе бойынша төленеді және орындалған жұмыс көлеміне тікелей байланысты. Табылған қаражат сот шешімімен жүктелген талап-арыздар бойынша міндеттемелерді өтеуге, сондай-ақ отбасылары мен жақындарына материалдық көмек көрсетуге жұмсалады.

— Жұмыс өзіңді қоғамға пайдалы адам ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Мен мамандық меңгеріп, еңбек етіп, табыс тауып, отбасыма көмектесіп, өз міндеттемелерімді біртіндеп өтеп жатырмын. Бұл мені алға ұмтылуға, бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмір бастауға жігерлендіреді. Осында мен жауапкершілікті үйрендім, адал еңбектің қадірін түсіндім және алған тәжірибем мен дағдыларымның арқасында бостандыққа шыққан соң жұмыс тауып, бұрынғы қателіктерімді қайталамайтыныма сенімдімін, – деді сотталғандардың бірі.

Абай облысы бойынша ҚАЖ мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің инспекторы Ақылбек Аубакировтың айтуынша, жаңа өндірістік цехтың ашылуы сотталғандарды ақылы жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл олардың қаржылық міндеттемелерін орындауына, отбасыларына қолдау көрсетуіне, еңбек дағдыларын меңгеруіне және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға табысты бейімделуіне ықпал етеді.

– Бүгінде мекеме аумағында төрт жеке кәсіпкер мен екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Ағаш өңдеу, тігін, жиһаз жасау цехтары, сусын өндіру цехы және жаңа шаруашылық сабын өндіретін цех жұмысын жүргізуде, – деп атап өтті Ақылбек Аубакиров.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру