Астанада мас жүргізушілерді анықтау бойынша рейдтер жалғасуда
Астана қаласының полиция департаменті жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзу фактілерінің жолын кесу бағытында профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Ерекше назар көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде басқаратын жүргізушілерді анықтауға аударылған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Демалыс күндері елорда аумағында "Мас жүргізуші – қылмыскер!" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтік шаралар ұйымдастырылады. Оның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ жүргізушілердің заң талаптарын сақтауға деген жауапкершілігін арттыру.
Жыл басынан бері көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін шамамен мың жүргізуші жауапқа тартылды.
Сонымен қатар көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамдардың қайтадан көлік тізгініне отырған 69 дерегі анықталып, аталған азаматтар қылмыстық жауапқа тартылды.
Өткен демалыс күндері полиция қызметкерлері патрульдеу барысында заң талаптарын өрескел бұзудың тағы бір дерегін анықтады. Тәртіп сақшылары 28 жастағы ер адам басқарған Audi автокөлігін тоқтатқан.
Тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдік масаңдық белгілері байқалған. Медициналық куәландыру қорытындысы оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті.
Сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
Полиция масаң күйде көлік басқару жол қозғалысы қағидаларын бұзудың ең қауіпті түрлерінің бірі екенін ескертеді. Мұндай әрекет жүргізушінің ғана емес, жолдағы басқа да азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға және масаң күйде көлік жүргізбеуге шақырады. Жолдағы қауіпсіздік – әрбір жүргізушінің жауапкершілігі.
