Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Ақша көзімді байлады": құмар ойынның соңы қылмысқа ұласты

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде түрлі қылмыс жасаған азаматтар заңда белгіленген жазаларын өтеп жатыр. Олардың арасында өз қателігін мойындап, өткеніне өкініп, өмірін қайта бастауға ұмтылып жүргендер де бар. Солардың бірі туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

№60 мекемеде жазасын өтеп жатқан азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігімен, яғни алаяқтық жасағаны үшін үш жыл жеті ай мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Ол бұған дейін жеке кәсіппен айналысып, телефон жөндеу қызметін көрсеткен. Адал еңбегімен нәпақасын тауып, қалыпты өмір сүріп жүрген азаматтың тағдыры құмар ойынға әуестенгеннен кейін күрт өзгерген.

– Жеке кәсібім болды. Телефон жөндеп, адал еңбегіммен нәпақамды тауып жүрдім. Табысым да жаман емес еді. Бірақ құмар ойынға әуестеніп, тапқан ақшамның бәрін ұтылып қалдым. Қарызым көбейіп, қаржылық қиындыққа тап болдым.

Сол кезде ашкөздік пен жауапсыздыққа бой алдырып, клиенттердің жөндеуге қалдырған телефондарын ломбардқа өткізіп жібердім. Кейбір адамдардан "қайтарып беремін" деп ақша алып, оларды да алдадым. Қазір сол әрекеттерімнің бәріне қатты өкінемін.

Жасым небәрі 27-де. Көп нәрсенің қадірін бағаламадым. Бәріне өзім кінәлімін. Ақшаға деген құмарлық көзімді байлап, үлкен қателікке ұрындырды.

Ашкөздігімнің кесірінен ең жақын адамдарымның да көңіліне қаяу түсірдім. Енді олардың сенімін ақтап, қоғамға пайдалы азамат болуға бар күшімді саламын. Басымнан өткен жағдай өзгелерге сабақ болса екен, – дейді сотталған.

Сотталған азаматтың айтуынша, түрмеде өткізген уақыты оған өз әрекеттеріне сырт көзбен қарап, өміріндегі басымдықтарды қайта бағалауға мүмкіндік берген.

Оның оқиғасы оңай жолмен ақша табуға деген ұмтылыстың соңы ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін көрсетеді. Құмар ойын мен жауапсыз қаржылық шешім адамның өзіне ғана емес, жақындарына да кері әсерін тигізіп, заң алдында жауап беруге дейін жеткізуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру