Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Дропперлік – қылмысқа апарар қауіпті жол

Абай облысының полиция департаменті азаматтардың назарын қаржылық алаяқтықтың кең таралған тәсілдерінің бірі – дропперлікке аударады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кейбір азаматтар бөтен адамның ақшасын өз банк картасы немесе шоты арқылы өткізу, банк картасын уақытша пайдалануға беру немесе белгілі бір сыйақы үшін жеке деректерін ұсынуды оңай табыс көзі деп қабылдауы мүмкін. Алайда мұндай ұсыныстардың артында алаяқтық және өзге де заңсыз қаржылық схемалар тұруы ықтимал.

Қылмыскерлер ұрланған немесе заңсыз жолмен алынған қаражаттың ізін жасыру үшін үшінші тұлғаларды – дропперлерді пайдаланады. Азамат өз банк картасын немесе шотын бөтен адамдарға пайдалануға берген сәттен бастап, заңсыз қаржылық операцияларға қатысушыға айналуы мүмкін. Бұл ретте "мән-жайды білмедім" немесе "жай ғана көмектестім" деген уәждер жауапкершіліктен босатпауы мүмкін.

2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне дропперлікке қатысты 232-1-бап енгізілді. Аталған нормаға сәйкес банк шотын, төлем картасын немесе өзге де төлем құралын материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаға беру, сондай-ақ заңсыз ақша аударымдарын жүзеге асыруға жәрдемдесу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Қылмыстық жауапкершілік.
Дроппер алаяқтық схемасына қатысушы немесе қылмысқа жәрдемдесуші ретінде жауапқа тартылуы мүмкін.

Қаржылық шектеулер.
Банктер мен қаржы ұйымдары мұндай клиенттерді тәуекелі жоғары санатқа жатқызып, шоттарға шектеу қоюы немесе жекелеген қаржылық қызметтерді ұсынудан бас тартуы ықтимал.

Материалдық жауапкершілік.
Заңсыз операциялар салдарынан азаматтарға келтірілген залалды өтеу міндеті туындауы мүмкін.

Полиция ескертеді:

  • Банк картаңызды, шотыңызды және төлем құралдарыңызды бөтен адамдарға пайдалануға бермеңіз.
  • ЖСН, PIN-код, CVV/CVC коды және SMS арқылы келетін бір реттік растау кодтарын ешкімге айтпаңыз.
  • «Жеңіл табыс», «ақшаңызды көбейтеміз», «картаңызды уақытша жалға беріңіз», «ақша өткізіп беріңіз» деген күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз.
  • Күмәнді қаржылық операцияларға қатысудан бас тартыңыз.
  • Алаяқтық белгілерін байқасаңыз, банкке немесе құқық қорғау органдарына дереу хабарласыңыз.

Бірнеше мың теңге көлеміндегі уақытша пайда үшін өз болашағыңызды тәуекелге тігудің қажеті жоқ. Банк шотыңызды бөтен адамдарға беру сізді қаржылық қиындықтарға ғана емес, заң алдындағы жауапкершілікке де әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру