Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысындағы өндірістік цехта 90-ға жуық сотталған жұмыспен қамтылған

Абай облысындағы өндірістік цехта 90-ға жуық сотталған жұмыспен қамтылған, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өндіріс қарқыны артып, жаңа жұмыс бағыттары жолға қойылуда. Жиһаз құрастыру және ағаш бұйымдарын дайындау цехында дәмханалар мен мейрамханаларға арналған орындықтар өндірісі іске қосылды.

Цехтың жұмысын бастағанына бірнеше ай ғана болғанына қарамастан, өнімге деген сұраныс жоғары. Бүгінде Алматы мен Астана қалаларынан дәмханалар және мейрамханаларға арналған орындықтар дайындауға тапсырыстар түсуде.

Өндіріс барысында ай сайын орта есеппен 700–800 орындық жасалады. Сонымен қатар мұнда ұлттық нақыштағы 1000-ға жуық ыдыс-аяқ бұйымдары мен зергерлік әшекейлерді сақтауға арналған 100-ге жуық сандық дайындалады.

Қазіргі таңда өндірістік цехта 90-ға жуық сотталған азамат еңбек етеді. Алдағы уақытта жұмыс орындарының санын 150 адамға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Сотталғандардың еңбегіне ақы орындалған жұмыстың көлеміне қарай кесімді түрде төленеді. Еңбекпен тапқан табыс олардың сот шешімімен белгіленген талап-арыздық міндеттемелерін өтеуге бағытталады. Сонымен қатар бұл қаражат отбасылары мен жақындарына материалдық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Сол азаматтардың бірі – Алматы қаласының 43 жастағы тұрғыны. Ол үш жыл бұрын ұрлық жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған. Қазіргі таңда өндірістік цехта еңбек етіп жүр.

— Мен үшін мұнда еңбек етіп, табыс тауып, отбасымның жағдайына өз үлесімді қоса алуым өте маңызды. Үйде мені жұбайым мен кәмелетке толмаған үш балам күтіп отыр. Сондықтан адал еңбек етіп, жақындарыма қолдау көрсетуге тырысамын. Бостандыққа шыққан соң отбасымның қасына оралып, еңбек етіп, өмірімді жаңа парақтан бастағым келеді, — дейді ол.

Мекемеде бүгінде төрт жеке кәсіпкерлік пен екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді. Ағаш өңдеу, тігін және жиһаз цехтарымен қатар, сусындар өндіретін және кір сабын шығаратын өндіріс орындары жұмыс істеуде.

— Жаңа өндіріс іске қосылғалы бері бірнеше ай ғана өтсе де, Алматы мен Астана қалаларынан тапсырыстар түсіп үлгерді. Бұл – өнімдерімізге сұраныстың бар екенін көрсетеді. Біздің басты мақсатымыз – өндірісті одан әрі кеңейтіп, сотталған азаматтар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу. Еңбек арқылы олар кәсіби дағдыларын жетілдіріп, тұрақты табыс табуға және отбасыларына материалдық қолдау көрсетуге мүмкіндік алады. Алдағы уақытта жұмыспен қамтылған сотталғандардың санын 150 адамға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, — дейді сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Еркин Исабеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру