Қызылордада сотталғандар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған сайыс өтті
"Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасы аясында Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті мен облыстық прокуратураның бірлесуімен №60 мекемесінде жазасын өтеушілер арасында "Мен өз міндеттерімді білемін" атты сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның мақсаты – сотталған азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын тереңірек меңгерту, сондай-ақ жазаны өтеу тәртібі мен өз міндеттерін білуге ынталандыру.
Сайысқа 400-ге жуық сотталған қатысты. Қатысушыларға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі, Қылмыстық-атқару кодексі және мекеменің ішкі тәртіп талаптарына қатысты сұрақтар қойылды. Сұрақ-жауап барысында олар өз білімдерін ортаға салып, заң талаптарын сақтауға қатысты түсініктерін пысықтады.
– Басты мақсатымыз – жазасын өтеуші азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, оларды заң талаптарын сақтауға бағыттау. Өз құқығын білген адам өз міндетін де білуі тиіс. Мұндай іс-шаралар сотталғандардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, түзелу жолына оң ықпал етеді. Алдағы уақытта да прокуратурамен бірлесіп, осындай тәрбиелік және құқықтық бағыттағы шараларды жалғастырамыз, – деді ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Мейрам Бекжанов.
Сотталған азаматтардың бірі сайыстың өздері үшін пайдалы болғанын атап өтті.
– Бұл сайыс біз үшін өте пайдалы болды. Өз құқықтарымызды ғана емес, міндеттерімізді де жақсы білуіміз керек. Қойылған сұрақтар арқылы заң талаптарын тағы бір мәрте қайталап, білімімізді толықтырдық, – деді ол.
Сайыс қорытындысында белсенділік танытып, жүлделі орындарға ие болған командалар мен қатысушылар "Жігер" қоғамдық бірлестігі және "Мансап" орталығының сыйлықтарымен, сондай-ақ мекеме әкімшілігінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Құқықтық бағыттағы мұндай шаралар сотталғандардың заң талаптарына деген жауапкершілігін арттырып, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді.
