Ұлытау облысында 200-ге жуық жас бас қосқан мерекелік шара өтті
Қаражал қаласында жастардың басын қосқан "Заң мен тәртіп аясында – сенің өмірің, сенің таңдауың!" атты мазмұнды мерекелік іс-шара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жастардың белсенділігі мен көтеріңкі көңіл күйі бірден байқалған шараға 200-ге жуық жас қатысты. Басты мақсат – өскелең ұрпақ арасында Заң мен тәртіп қағидаттарын кеңінен насихаттап, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, салауатты өмір салтын дәріптеу және әр жасты өз болашағына жауапкершілікпен қарауға үндеу.
Іс-шара жастар форумымен басталып, онда қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Жастарға заң талаптарын сақтау ғана емес, дұрыс таңдау жасап, өз ортасына оң ықпал ету маңызды екені айтылды.
Мерекелік бағдарлама бұдан әрі ерекше форматта жалғасты. Көпіршікті кеш, фуршет және ашық аспан астындағы би кеші жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, достық қарым-қатынасты нығайтты.
Шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – полицияның арнайы мақсаттағы бөлімшесі қызметкерлерінің көрсетілімі болды. Қызметкерлер жауынгерлік даярлығы мен кәсіби шеберлігін таныстырып, жастарға полиция жұмысының қыр-сырын көрсетті. Ал кинолог мамандар қызметтік иттердің арнайы дайындығы мен мүмкіндіктерін паш етті.
Бұл – жастарға арналған жай ғана мерекелік кеш емес, олардың қауіпсіз әрі жарқын болашағына бағытталған маңызды бастама. Өйткені заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жауапты таңдау жасау – әр азаматтың қоғам алдындағы міндеті.
Шара соңында жастарға "Заң мен тәртіп" қағидаттарын берік ұстанып, өз болашағын саналы түрде қалыптастыруға үндеу жасалды.
