Қызылордада есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті
Қызылорда қаласында есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Заң мен тәртіп қағидатын қоғамда орнықтыру, есірткі қылмысының алдын алу және есірткінің заңсыз айналымына жол бермеу мақсатында Қызылорда қаласында профилактикалық ақпараттық-түсіндіру акциясы ұйымдастырылды.
Іс-шараны Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Қызылорда қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері бірлесіп өткізді.
Акция барысында мамандар қала тұрғындарына есірткінің адам денсаулығы мен өміріне тигізетін кері әсері, есірткі құралдарын заңсыз сақтау, тасымалдау, өткізу және тарату әрекеттерінің құқықтық салдары туралы түсіндірді.
Сонымен қатар азаматтарға есірткі қылмысына қатысты заңнама талаптары, қылмыстық жауапкершілік және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестегі қоғамдық бақылаудың маңызы жөнінде ақпарат берілді.
Профилактикалық жұмыстар қала көшелерінде, автотұрақтарда, автовокзал аумағында және азаматтар көп шоғырланатын өзге де қоғамдық орындарда жүргізілді. Тұрғындар мен көлік жүргізушілеріне есірткінің зияны мен заңсыз айналымының қауіптілігі туралы ақпараттық-полиграфиялық материалдар таратылды.
Құқық қорғау органдарының өкілдері есірткі қылмысының алдын алу тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Күдікті жағдайларға бейжай қарамай, құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу – азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі.
Мамандар әсіресе жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше назар аударды.
Қызылорда облысының полициясы азаматтарды есірткінің заңсыз айналымына қатысты кез келген ақпаратты құзырлы органдарға хабарлауға және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсенді атсалысуға шақырады.
