Павлодарда мектептер маңындағы жол қауіпсіздігі күшейтілді
Павлодарда балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу және білім беру ұйымдарына жақын аумақтағы жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері кезекшілікті күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция инспекторлары мектептер маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдерінде жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылауда. Олар көлік жүргізушілеріне жылдамдықты төмендетіп, жолға балалардың кенеттен шығуына дайын болу және жаяу жүргіншілерге жол беру қажеттігін түсіндіреді.
– Инспекторлар жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі жағдайды бақылап, жүргізушілерге жылдамдықты төмендету, балалардың жолға шығуына дайын болу және жаяу жүргіншілерге жол беру қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларымен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолда қауіпсіз жүріп-тұру ережелерін үйретеді, – дейді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.
Полиция ата-аналарды балаларымен жол қауіпсіздігі туралы үнемі әңгімелесуге шақырады. Балаларға жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп, көшені және қиылыстарды қауіпсіз кесіп өту, сондай-ақ қоғамдық көлікте жүріп-тұру тәртібін үйретудің маңызы зор.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді мектептер мен басқа да білім беру ұйымдары маңында барынша мұқият болуға және жылдамдық режимін сақтауға шақырады.
