Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Пойызға тас лақтырған жасөспірімдер жауапқа тартылды

Шымкент станциясындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері Саратов – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызына тас лақтырған үш жасөспірімді анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Пойыз қозғалысы кезінде полицейлер вагон терезесінен теміржол жиегінде жүрген үш жасөспірімнің өтіп бара жатқан пойызға тас лақтырып жатқанын байқаған. Қауіптің алдын алу мақсатында полиция қызметкері пойыз машинисімен шұғыл байланысып, жылдамдықты төмендетуді сұрады.

Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер ұсталып, ата-аналарымен бірге Шымкент станциясындағы көліктегі полиция басқармасына жеткізілді.

Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінің қатысуымен өз әрекеттерін мойындады. Олармен теміржол көлігі нысандарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал ата-аналары балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция өтіп бара жатқан пойыздарға тас немесе өзге де заттарды лақтыру жолаушылар мен пойыз бригадасы мүшелерінің өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ теміржол қозғалысының қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретінін ескертеді.

Теміржол бойында ойнау мен пойыздарға тас лақтырудың соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Полиция азаматтарды балалардың қауіпсіздігіне жіті назар аударып, оларды теміржол маңындағы қауіпті аумақтарда қараусыз қалдырмауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру