Жетісуда 800-ден астам студент облыстық есірткіге қарсы форумға қатысты
Жетісуда 800-ден астам студент облыстық есірткіге қарсы форумға қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қарасора-2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы және "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Талдықорған қаласында 800-ден астам студенттің қатысуымен облыстық есірткіге қарсы форум өтті.
Іс-шараны Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасымен, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен, дәрігер-нарколог, психолог және "Қос Қанат" үкіметтік емес ұйымының өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырды. Форум Талдықорған қаласындағы Политехникалық колледж базасында өтті.
Форумның құрметті қонағы – каратэден әлем чемпионы, Азияның екі дүркін чемпионы, "Облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі" КММ басшысы Мерей Суюнов болды.
Форумның негізгі мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыру, есірткі заттарын тұтыну мен таратуға теріс көзқарасты нығайту, құқықтық және ақпараттық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ салауатты әрі белсенді өмір салтын насихаттау.
Іс-шара барысында студенттер үшін ақпараттық-түсіндіру, профилактикалық және спорттық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Дәрігер-нарколог пен психолог жастарға есірткі тұтынудың зардаптары, тәуелділіктің алдын алу, психологиялық денсаулықты сақтау және жастарды есірткі қылмысына тартуға жол бермеу мәселелері бойынша кеңестер берді.
Форумның практикалық және көрсетілімдік бөлігіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жастардың техникалық шығармашылыққа қызығушылығын арттыру және оларды қоғамдық пайдалы, жасампаз қызметке тарту мақсатында робототехника саласындағы заманауи технологиялар мен әзірлемелер таныстырылды.
Форум аясында жастармен ашық диалог ұйымдастырылды. Студенттер есірткі тұтынудың салдары, есірткі құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілік және олардың алдын алу шараларына қатысты сұрақтарға белсенді жауап берді. Дұрыс әрі мазмұнды жауап берген белсенді қатысушыларға Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ қатысушыларға есірткіге қарсы ақпараттық жадынамалар мен профилактикалық материалдар таратылды.
Облыстық форум профилактикалық түсіндіру жұмыстарын, мамандар кеңесін, спортты, заманауи технологияларды және жастармен ашық пікір алмасуды бір арнаға тоғыстырды. Іс-шарамен облыстың 800-ден астам студенті қамтылды.
Жетісу облысының полициясы жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, заңға бағыну мен жеке жауапкершілік қағидаттарын қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.
