Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Әр іздің өз сыры бар: криминалистің бір күні

Криминалист үшін оқиға орнындағы әрбір із бен көзге елеусіз көрінетін детальдың маңызы зор. Астана қаласы Нұра аудандық полиция басқармасының криминалисі Жанәлі Бекзатханның күнделікті қызметі оқиға орнын мұқият зерттеп, маңызды айғақтарды анықтауға бағытталған, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкері Нұра ауданы полиция басқармасының криминалисі Жанәлі Бекзатханның жұмыс күні алғашқы шақыртуға шығудан әлдеқайда бұрын басталады.

Күн криминалистік чемодан мен қажетті құрал-жабдықтарды тексеруден басталады. Қолғаптар, аспаптар және басқа да керек-жарақтың барлығы өз орнында болуы тиіс. Өйткені шақырту кез келген сәтте түсуі мүмкін.

Қызметтік сапқа тұрудан кейін жұмыс басталады. Криминалист үшін "қалыпты шақырту" деген ұғым жоқ. Әр оқиға орнының өзіндік ерекшелігі бар. Маман оқиға орнын мұқият қарап, барлық мән-жайды тіркеп, іздерді анықтап, оларды дұрыс алуы қажет.

Кейде бір қарағанда елеусіз көрінетін ұсақ деталь істің мән-жайын анықтауға көмектеседі. Бекзатхан үшін мамандықтың қызығы да осында. Көптеген деректің арасынан маңызды айғақты табу үшін асықпай, мұқият жұмыс істеу керек. Сабырлылық, зейінділік және жауапкершілік криминалистке аса қажет қасиеттердің қатарында.

Алайда криминалистика Бекзатханның бастапқы таңдауы болмаған. Ол көпбалалы отбасындағы тұңғыш бала болып өсті. Бала кезінен кішілерге қамқор болуға, үлкендерді сыйлауға және жауапкершілікті сезінуге үйренді.

Жоғары білімді "Ақпараттық жүйелер" мамандығы бойынша алған. Криминалистикамен студенттік жылдары танысқан. Уақыт өте келе іздер мен ұсақ детальдар арқылы оқиғаның мән-жайын анықтау ісі оның қызығушылығын оятты. Кейін бұл бағытты кәсіби жолына айналдырды.

Ақпараттық технологиялар саласындағы білімі де қызметінде кәдеге жарап отыр. Себебі қазіргі криминалистикада заманауи технологиялар мен зерттеу әдістерінің маңызы артып келеді.

Қызметтегі қарбаластан кейін оның өмірінің тағы бір қыры ашылады. Бос уақытында гитара немесе домбыра алып, ән айтады. Музыка оған жұмыстан кейін ой сергітіп, күш жинауға мүмкіндік береді.

Ал қызметтегі жақсы көңіл күйге әріптестері себеп. Өзара қолдау, әзіл-қалжың және ұжымдағы жағымды ахуал күрделі міндеттерді бірге еңсеруге көмектеседі.

Дегенмен тыныш күннің кез келген сәтте шақыртумен аяқталуы мүмкін. Мұндайда криминалистік чемодан қайта тексеріліп, қолғаптар киіледі де, маман оқиға орнына аттанады.

Өйткені криминалист үшін жұмыс көпшілік оқиға орнын көрген жерден басталады. Оның міндеті – көзге бірден түсе бермейтін жайттарды байқап, ұсақ детальдар арқылы оқиғаның мән-жайын қадам-қадаммен анықтау.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру