Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда такси жүргізушісі мен полицейлер зейнеткерге 6 млн теңгеге жуық ақшасын қайтаруға көмектесті

Павлодарда такси жүргізушісі мен полицейлер зейнеткерге 6 млн теңгеге жуық ақшасын қайтаруға көмектесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ерекше оқиға қаладағы көлік жуу орындарының бірінде басталған. Такси жүргізушісі Алматы қаласына сөмке жеткізуі тиіс болған. Бір уақытта ол сөмкеден жарманың төгіліп жатқанын байқайды. Сөмкенің ішін тексеруді ұйғарған ер адам оның ішінде қомақты ақша жатқанын анықтаған. Күдіктенген ол мәселені шешу үшін полицияға жүгінген.

Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтауға дереу кірісті. Көп ұзамай ақшаның кімге тиесілі екені анықталып, оның иесімен байланыс орнатылды.

Белгілі болғандай, Павлодар қаласының тұрғыны телефон алаяқтарының құрбаны болған. Алдымен оған белгісіз адамдар қоңырау шалып, өздерін энергиямен жабдықтаушы ұйымның қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар электр есептегішті ауыстыру сылтауымен әйелді SMS арқылы келген кодты айтуға көндірген.

Кейін онымен "электрондық үкіметтің" қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтар байланысып, оның атына несие рәсімделгенін хабарлаған. Аталған несиені "жабу" сылтауымен алаяқтар әйелді қолма-қол 5 млн 970 мың теңге беруге көндірген. Ақшаны алу үшін қылмыскерлер курьерді пайдаланған, ол ақшасы бар пакетті такси жүргізушісіне берген.

Такси жүргізушісінің қырағылығы мен Солтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралардың арқасында ақша толық көлемде заңды иесіне қайтарылды.

Павлодар қаласының тұрғыны жедел уәкілдер Жеңіс Еркін мен Ернұр Жақсылықовқа, сондай-ақ қырағылық танытып, дер кезінде полицияға хабарласқан такси жүргізушісіне шынайы алғысын білдірді. Олардың бейжай қарамай, жауапкершілік танытуының арқасында қомақты қаржы жәбірленушіге қайтарылды.

Полиция тағы да ескертеді: алаяқтар өздерін мемлекеттік органдардың, банктердің және түрлі ұйымдардың қызметкерлері ретінде жиі таныстырады. Бөтен адамдарға SMS арқылы келген кодтарды және басқа да құпия деректерді айтпаңыз.

Егер сізге күдікті қоңырау түссе, әңгімені дереу тоқтатып, ұйыммен ресми нөмірі арқылы өзіңіз байланысыңыз немесе полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру