Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде аяқ киім тігу өндірісі іске қосылды
Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде аяқ киім тігу өндірісі іске қосылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде аяқ киім тігуге арналған жаңа өндірістік цех жұмысын бастады. Жаңа өндірістің іске қосылуы сотталғандарды жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың кәсіби дағдыларды меңгеруіне және әлеуметтік бейімделуіне қосымша жағдай жасауға бағытталған.
Қазіргі таңда цехта бес сотталған азамат еңбек етуде. Өндіріс көлемі артқан сайын жұмысшылар санын 15 адамға дейін көбейту жоспарлануда.
Бүгінде сотталғандар ерлерге арналған аяқ киім — кеды, етік және кроссовкалар тігуде. Тапсырыстар қала тұрғындарынан түсуде. Алдағы уақытта өндіріс географиясын кеңейтіп, еліміздің басқа өңірлерінен де тапсырыс қабылдау жоспарлануда. Орта есеппен бір жұп аяқ киімді тігуге бір аптаға жуық уақыт жұмсалады.
Өндірілетін аяқ киім сапалы орындалуымен және қолжетімді бағасымен ерекшеленеді. Өнімді дайындау барысында тапсырыс берушілердің қалауы ескеріледі. Бұл сұранысқа ие, ыңғайлы әрі практикалық аяқ киім түрлерін шығаруға мүмкіндік береді.
Сотталғандардың еңбегіне ақы төлеу орындалған жұмыстың көлеміне тікелей байланысты кесімді түрде жүргізіледі. Еңбекпен тапқан қаражаты сот шешімімен белгіленген талап-арыздық міндеттемелерді өтеуге, сондай-ақ отбасы мен жақындарына материалдық қолдау көрсетуге жұмсалуы мүмкін.
Аяқ киім тігу цехының ашылуы мекемедегі өндірістік қызметті дамыту бағытындағы кезекті қадам болды. Жаңа жұмыс орындарын құру сотталғандарға сұранысқа ие еңбек дағдыларын меңгеруге, әлеуметтік тұрғыдан пайдалы байланыстарын сақтауға және бостандыққа шыққаннан кейінгі дербес өмірге дайындалуға мүмкіндік береді.
— Бұл жұмыс мен үшін жаңа кәсіпті меңгеріп, бостандыққа шыққаннан кейін қажет болатын дағдыларды игеруге жақсы мүмкіндік болды. Аяқ киім тігу ұқыптылықты, шыдамдылықты және жауапкершілікті талап етеді. Өз еңбегіңнің нәтижесін көріп, өзіміз дайындаған өнімнің сұранысқа ие екенін түсіну қуантады. Алдағы уақытта осы бағытта әрі қарай дамып, алған дағдыларымды бостандыққа шыққаннан кейін де пайдаланғым келеді, — деді сотталған азамат.
— Қазіргі таңда мекемеде бес жеке кәсіпкер мен екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік өндірістік қызмет атқарады. Мұнда жиһаз, шаруашылық сабыны, ыдыс-аяқ және ағаштан жасалған басқа да бұйымдар өндіріледі. Өндірістік қызметті дамыту сотталғандар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, оларды еңбекпен қамтуға, практикалық дағдыларды меңгеруіне және әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді, — деп атап өтті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Еркін Исабеков.
