Атырау облысында экологиялық фестиваль өтіп, 180 тонна қоқыс жиналды
16 қазанда Атырау облысының Жылыой ауданында "GREEN JYLYOI EXPO – 2026" халықаралық экологиялық фестивалі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға 5 700-ден астам адам қатысып, 6,5 шақырым аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді. Олардың қатарында 40-қа жуық полиция қызметкері болды. Нәтижесінде 180 тонна қоқыс жиналды.
Фестиваль барысында GBR (Global Best of Records) әлемдік рекордтар кітабының өкілі Қ. Құдайбергенов рекордтың тіркелгенін жариялап, ауданға арнайы сертификат пен мүсінше табыстады.
Сондай-ақ 33 номинация бойынша үздіктер марапатталды. Жәрмеңкеде 10 ауыл шаруашылығы өндірушісі мен 22 кәсіпкер жергілікті өнімдерін ұсынды.
Фестивальдің мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаны қорғау және тазалыққа деген жауапкершілікті қалыптастыру.
