Атырауда жас полицейлер мен тәлімгерлердің республикалық форумы өтті
2 қарашада Атырау қаласында жас полицейлер мен олардың тәлімгерлерін біріктірген республикалық форум өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Еліміздің әр өңірінен жиналған 160-тан астам қатысушы бас қосқан ауқымды шараға жас қызметкерлер, тәжірибелі тәлімгерлер, "Жас сақшы" сыныптарының оқушылары мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Форумның басты мақсаты – аға буынның мол тәжірибесі мен өнегесін жас мамандарға жеткізу, кәсіби байланысты нығайту және полиция қызметіндегі ұрпақтар сабақтастығын дамыту.
Іс-шара барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, полиция қызметінің қазіргі бағыттары мен алдағы міндеттерін талқылады. Сондай-ақ интеллектуалдық викторина ұйымдастырылып, әлеуметтік желілердің полиция қызметіндегі маңызы мен мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Форум қорытындысы бойынша белсенділік танытып, жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталды.
Тәжірибе мен тағылымды тоғыстырған республикалық форум мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
