Қарағандыда телефон ұрлаған күдіктілер ұсталды
Қарағандыда полиция қызметкерлері телефон ұрлығының екі дерегін ашты. Екі жағдайда да күдіктілер анықталып, ұсталды. Ұрланған телефондар тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алғашқы ұрлық қаланың дәмханаларының бірінде болған. Белгісіз адам 21 жастағы қызметкердің жеке заттарын сақтайтын шкафынан құны 300 мың теңге болатын телефонын ұрлап кеткен. Қылмыс сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Жазбаларды зерделеген полицейлер 26 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады.
Екінші оқиға қоғамдық көлікте тіркелді. Автобус ішінде 51 жастағы жолаушының қалтасынан телефонын ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 76 мың теңгені құрады. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер 45 жастағы азаматты күдікті ретінде ұстады.
Қазіргі уақытта екі дерек бойынша да тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұрланған телефондар заттай дәлел ретінде тәркіленді.
