Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында тергеуші қызметінің қыр-сырымен бөлісті

Абай облысында тергеуші қызметінің қыр-сырымен бөлісті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмыстың ізіне түсу, оқиғаның ақ-қарасын ажырату, әрбір деректі тексеріп, дәлелдерді жинау — тергеушінің жұмысы сырт көзге кабинетте отырып құжат толтыру сияқты көрінуі мүмкін. Алайда оның артында үлкен ізденіс, ұқыптылық және әр шешімге деген жауапкершілік жатыр.

Семей қаласы полиция басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі Жансая Сабырханова осы жауапты міндетті атқарып жүрген жас мамандардың бірі.

Ол ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2021 жылы бастаған. Ал 2025 жылдың 14 маусымынан бастап тергеуші қызметіне кірісті. Содан бері қылмыстық істерді тергеп, түрлі санаттағы құқық бұзушылықтардың мән-жайын анықтаумен айналысып келеді.

Тергеушінің жұмысында бір-біріне ұқсас істер болғанымен, әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Бірінде жәбірленушінің берген жауабы маңызды болса, екіншісінде ұсақ көрінген дерек істің шешуші дәлеліне айналуы мүмкін. Сондықтан бұл мамандықта асығыстыққа жол жоқ. Әрбір сөз, әрбір құжат, әрбір айғақ мұқият тексерілуі тиіс.

Қызмет атқарған уақытында Жансая Сабырханованың өндірісінде шамамен 25–30 қылмыстық іс болған. Олардың арасында ауыр және орташа ауырлықтағы қылмыстар да бар.

Соның ішінде азаматтарға жүргізуші куәлігін рәсімдеп беруге көмектесемін деген желеумен ақша алған алаяқтық фактілері ерекше назар аудартады. Бұл істер бірнеше эпизодтан тұрған. Тергеу барысында әрбір эпизод бойынша мән-жайлар анықталып, жинақталған материалдар сотқа жолданған.

Мұндай алаяқтықтың қауіптілігі – адамдардың сенімін пайдалануында. Құжатты оңай жолмен алғысы келген азаматтар өз ақшасынан айырылып қана қоймай, алаяқтардың арбауына түседі. Осындай жағдайлар тұрғындарға кез келген қызметті заңды жолмен рәсімдеудің маңызын тағы бір еске салады.

Ал тергеушінің бір күні қалай өтеді? Күнделікті қызмет барысында қылмыстық істердің материалдарын қарау, жауап алу, қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу, дәлелдемелерді салыстыру және процессуалдық құжаттарды дайындау жұмыстары қатар жүреді. Кейде бір істің барлық мән-жайын анықтау үшін бірнеше эпизодты жеке-жеке зерттеуге тура келеді.

Бұл мамандықта тек заңды біліп қана қоймай, адамдармен тіл табыса білу, олардың сөзінен маңызды ақпаратты ажырату, сабыр сақтау және кез келген жағдайға кәсіби тұрғыдан қарау қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру