Түркістан облысында қарсы бағытқа шыққан жүргізуші алты айға көлік басқару құқығынан айырылды
Түркістан облысында полицейлер дронның көмегімен Audi A6 автокөлігі жүргізушісінің жолдың тұтас сызығын кесіп өтіп, қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шыққанын анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық бұзушылық Төлеби ауданында тіркелді. Полицейлер жинақталған материалдарды сотқа жолдады. Сот шешімімен жүргізуші алты ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Бұл – әуе бақылауы арқылы анықталған жол қозғалысы ережесін бұзу деректерінің бірі. Жалпы Төлеби ауданында дронның көмегімен жүргізілген рейдтік-профилактикалық іс-шаралар барысында 80-нен астам құқық бұзушылық тіркелді.
Олардың қатарында жаяу жүргіншілерге жол бермеу, қауіпсіздік белдігін тақпау, белгіленген жылдамдықты асыру және қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығу деректері бар. Әрбір факті бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және адам өміріне қауіп төндіретін, соның ішінде қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығу сияқты әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
