Ақтауда үш бірдей заң бұзушылыққа жол берген жүргізуші жауапқа тартылды
Ақтауда жүргізуші қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
7 қараша күні Ақтау қаласындағы 17 және 18А шағынаудандары арасындағы автожолда, “Халық Арена” спорт мектебінің маңында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзу дерегін анықтады.
Тексеру барысында Chevrolet Cobalt автокөлігін басқарған 24 жастағы жүргізушінің бірқатар әкімшілік құқық бұзушылыққа жол бергені белгілі болды.
Аталған дерек бойынша ер адам Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің үш бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды: 434-баптың 1-бөлігі — ұсақ бұзақылық, 612-баптың 2-бөлігі — көлікті басқару құқығы жоқ адамның көлік басқаруы, 590-баптың 9-бөлігі — міндетті техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлікті басқару.
Автокөлік мамандандырылған айыптұраққа қойылды.
Ұсақ бұзақылық дерегі бойынша сот шешімімен құқық бұзушыға 86 500 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Полиция қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы ережелерін сақтау әрбір азамат үшін міндетті екенін ескертеді.
Кез келген заңға қайшы әрекет Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.
