Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордадағы ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға арналған тағылымды шара өтті

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №37 мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйелдерге арналған психологиялық-тағылымдық шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Әке мен ана – отбасының тірегі" тақырыбындағы кездесуді мекеменің тәрбие бөлімі ұйымдастырып, психолог Гүлвира Ахбенбетова жүргізді.

Шараның мақсаты – қатысушыларға ата-ананың қадір-қасиетін ұғындыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жақындарына деген құрмет пен сағыныш сезімін арттыру, сондай-ақ психологиялық қолдау көрсету.

Кездесу барысында қатысушылар балалық шақтарын еске алып, ата-аналарымен бірге өткізген аяулы сәттер туралы ой бөлісті. Түрлі психологиялық жаттығулар мен әсерлі әңгімелер арқылы отбасының адам өміріндегі орны мен жақын жандардың қадірі тереңірек түсіндірілді. Тақырыпқа арқау болған естеліктер кейбір қатысушылардың көңіліне толқыныс сыйлап, ата-аналарына деген сағынышын оятты.

Шараға қатысқан азаматшалар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

– Бүгінгі шара бізге ерекше әсер сыйлады. Ата-анамыздың жанымызда жүрген кездерін, балалық шағымызды еске алдық. Кейде күнделікті тіршіліктің қарбаласында ең жақын адамдарымыздың қадірін бағалай бермейміз. Бүгін анамыздың мейірімін, әкеміздің қамқорлығын қаншалықты сағынғанымызды терең сезіндік. Осындай кездесулер адамға ой салып, өмірлік құндылықтарды қайта саралауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, алдағы өмірімізге жауапкершілікпен қарау керектігін түсіндік, – деді қатысушылардың бірі.

Психолог Гүлвира Ахбенбетованың айтуынша, мұндай кездесулер қатысушылардың эмоциялық жай-күйіне оң әсер етіп, өткен өміріне ой жүгіртуіне, болашаққа сеніммен қарауына ықпал етеді.

Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі. Әке мен ананың мейірімі, жақындардың қолдауы мен қамқорлығы адамға рухани күш береді. Осындай тағылымды шаралар сотталған азаматшалардың отбасылық құндылықтарды терең түсінуіне, өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыруға және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру