Көлік полицейі самбодан чемпион атанды
Көлік полицейі Айдос Абдолұлы жауынгерлік самбодан чемпион атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 11 қаңтарда Нұр-Сұлтанда жауынгерлік самбодан ересектер арасында ашық чемпионат өтті. Оған «Динамо» ДШСҚ ОҚ, ҚР ІІМ, ҚР-ның құқық қорғау органдары, күш құрылымдары және басқа да арнайы құрылымдардың қызметкерлері қатысты. Аталған додада Көліктегі полиция департаменті Арнайы және жұмылдыру даярлық басқармасының инспекторы Айдос Абдолұлы да қатысып, чемпион атанды.
Айдос 74 келі салмақта бірнеше кездесу өткізіп, айқын басымдылықпен жеңіске жетті.
Полиция аға сержанты Айдос Абдолұлы бұған дейін жекпе-жектен ҚР чемпионатының күміс жүлдегері, жауынгерлік самбодан және қоян-қолтық ұрысынан ІІМ чемпионатының чемпионы, ерлер мен әйелдер арасында республикалық деңгейлерде өткен спорттық және жауынгерлік самбодан бірнеше дүркін жеңімпаз атанған қызметкер. Сондай-ақ, титулды белбеу иегері атанған Еуразия чемпионы. Көлік полициясының мақтанышы.
«Қазіргі таӊда аталған басқармада желілік полиция бөліністерінің қызметкерлері келіп, жауынгерлік даярлықтарын жетілдіруде. Біз сабақ барысында спорттағы тәжірбиемізді пайдалана отырып, ату, қоян-қолтық айқас, арнайы қорғаныс құралдарымен жұмыс істеу секілді шеберліктерді үйретіп, теориялық дәрістер өткіземіз. Полицейлерге ұдайы дайындықтан өтіп тұрудың маңызы зор. Әр полицей білімді ғана емес, сонымен бірге білікті де болуы тиіс. Біздің қызметте қылмыскерлермен бетпе-бет келетін тұстар өте көп. Мұндай жағдайларда әрбір қызметкерге Самбо әдістерін білу әрі оны қолдана білу өте қажет деп ойлаймын», -дейді, спорт шебері.
Айдос соңғы кездесуіндегі жеңісінен соң ағымдағы жылдың 6-10 ақпан аралығында Атырау қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды.
Аталған сайыста да әріптесіміздің жеңістің биік тұғырынан көрінуіне тілектестік білдіреміз.