Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлерінің қызметі еріктілердің қызығушылығын арттырды

Кездесуге ұсыныс білдіріп, белсенділік танытқан еріктілер – Менеджмент және бизнес колледжінің студенттері көлік полицейлерінің жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті және оның желілік бөліністері қызметкерлері еліміздің әуе және темір жол көлігі нысандарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні аталған нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісі – еріктілердің үлкен қызығушылығын тудыруда. Осы орайда, Департаменттің Әкімшілік полициясы басқармасының ұйымдастыруымен еріктілер кездесуі өз жалғасын тапты.

Кездесу Департамент ғимаратында орналасқан мұражайдан басталды. Онда Ардагерлер кеңесінің төреағасы Есболат Шаймерденов еріктілерді Департаменттің құрылу тарихымен және бүгінгі тынысымен таныстырды.  Есболат Жұмағатұлы оларға негізгі қызметтер мен бөліністер, қызмет көрсету аумақтары жөнінде кеңінен баяндап берді.

Әсіресе, ардагердің қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан әріптестері, олардың қылмыскерлерді ұстау кезінде көрсеткен ерен ерліктері туралы әңгімесі өте әсерлі болды. Әңгіме барысында еріктілер де өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.

Экскурсия «Нұрлы жол» вокзалында жалғасты. Еріктілер вокзалдағы полиция кезекші бөлімінің жұмысын көріп, Жолаушылар поездарына ілесіп жүру батальоны қызметімен танысты. Олар кинология мамандарының қызметтік іздестіру иттерімен жүргізген  ойындарының өздеріне мол әсер қалдырғанын жасырмады.

“Бүгінгі күн – біз үшін ерекше есте қалмақ. Полицейлер қызметі туралы есту бір бөлек болса, көру бір бөлек екен. Еріктілер – өздерінің бос уақыттарын қоғам игілігі үшін жұмсайтын жандар болғандықтан, бұл кездесу бізге үлкен серпін бергендей. Полицейлермен бірге қоғамдық тәртіпті қадағалау ісіне біз де өз үлесімізді қосқымыз келеді”, – дейді, колледждің II-курс студенті Алдаберген Темірлан.

Кездесу соңында еріктілер экскурсия үшін Департамент басшылығына, оның Әкімшілік полициясы басқармасына шынайы алғыстарын жеткізді.

Еске сала кетейік, Көліктегі полиция департаменті бұған дейін «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру мақсатында қылмыстың алдын алу бойынша өзара іс-қимыл жасау және ынтымақтастық жөнінде еліміздің     25 білім беру мекемелерімен меморандум жасасқан болатын.
Оның ішінде 21 колледж, 2 университет, 1 академия және 1 оқу басқармасы бар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру