Әлемді дүрліктірген коронавирус инфекциясы туралы түсінік берілді
Ақтөбе облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен ҚАЖ қызметкерлеріне коронавирустің алдын алу шаралары туралы шара өтті,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінде департамент бастығының орынбасары Бақытжан Илюповтың төрағалығымен өткен шарада облыс бойынша полиция департаментінің емханасы бар госпиталінің терапевт дәрігері Наталья Марадудина, жеке құрамға әлемді дүрліктірген коронавирус инфекциясы туралы толық түсінік берді.
Департамент қызметкерлеріне вирустың белгілері мен алдын алудың жолдарын айтқан білікті дәрігер бас қосуда сондай-ақ, жалпы «Вирус деген не және оның шығу тарихы. Тұмау мен вирустың алғашқы белгілерін бірден қалай ажыратуға болады?» деген сауалдар төңірегінде толық айтып берді.
– Вирусты жұқтырған адаммен қарым-қатынас кезінде ауа-тамшы жолы арқылы беріледі. Жөтелгеннен, түшкіргеннен бөлінетін вирустың кішкентай тамшылары заттарда қалып қалады және оны ұстаған адам індет жұқтыруы әбден мүмкін. Негізі, қауіпті вирус кез-келген ортада өмір сүруге бейімделген. Одан қорғанудың ең басты жолы- дұрыс тамақтану және көбірек серуендеп, организмді сергек ұстау. Ал, шындығында көп нәрсені біз өзімізге жақын қабылдап, санамызға енгізіп аламыз. Сондықтан, тек жақсыны ойлаукерек. Көбірек сұйықтық ішіп, жеке бас гигиенасына көп мән беру керек,- дейді Ақтөбе облысы бойынша полиция департаментінің емханасы бар госпиталінің терапевт дәрігері Наталья Марадудина.
Дәрігердің айтуынша, қазіргі уақытта Ақтөбе облысы бойынша коронавирус жұқтырған оқиға тіркелген жоқ.