Ақтөбеде алаяқ “дуаны қайтарып”, зергерлік бұйымдарды иемденді
Ақтөбе облысында алаяқтықтың жаңа түрі анықталып, сотқа дейінгі тергеу басталды,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласы Астана ауданының № 2 полиция бөліміне 52 жастағы әйел Есет-батыр көшесіндегі дүкенде белгісіз әйелдің дуаны алып тастау сылтауымен «Панасоник» маркалы теледидарды, алтын сақинасын, 180.5 теңге ақшасын алғаны туралы арызданған.Алдын ала тергеу барысында анықталғандай, күдікті алтын әшекейлердің жағымсыз энергиясы бар деген сылтаумен жәбірленушіден барлық зергерлік бұйымдарды алып кеткен.Сонымен қатар, жәбірленуші пәтерінен плазмалық теледидар мен ақшасын алып кеткен. Жәбірленушінің «бақсымен» қарым-қатынас кезінде оның психологиялық ықпалына түсіп, өз іс-әрекетін бақылай алмай қалатынын түсіндірді.
Полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізу барысында 35 жастағы әйелді анықтап, ұстады. Жәбірленуші тұратын жерінен теледидар тәркіленді. Күдікті алтын әшекейлерді ломбардқа тапсырып, ақшасын жұмсап үлгерген.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктінің осыған ұқсас алаяқтық жасауға қатыстылығы тексерілуде.
Егер осындай алаяқтық әрекеттерден зардап шеккен немесе куәгері болсаңыз, Ақтөбе қаласы Астана ауданының ІІБ №2 полиция бөліміне (Сазды полиция бөлімшесіне) немесе 729-511 телефондарына, 8707 578 86 26 ұялы телефондарына хабарласуларыңызды сұраймыз.
Ақтөбе облысының полиция департаменті азаматтарды осы сынды әрекеттердің алаяқтық іс-қимыл екендігін ескертеді. Сондықтан қырағы болып, өзіңізді алдауға жол бермеңіз. Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу полицияға хабарлаңыз.