Нұр-Сұлтан полициясы: карантиннің алғашқы күні тыныш өтті
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті коронавирусты инфекцияның таралуының алдын алу және жолын кесу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жеке құрам қызмет атқарудың ерекше режиміне ауыстырылды.
Полиция департаменті 22 наурызда сағат 00:00-де елорданың барлық кіру және шығу жолдары жабық болады деп ескертеді. Қала тұрғындары мен қала қонақтарына алдын ала тиісті шаралар қабылдауды ұсынамыз.
Өздеріңіз білетіндей, қалаға кіре берісте жақын орналасқан Жібек жолы, Қосшы, Қараөткел, Талапкер және Қоянды кенттерін қоса алғанда, 7 блок бекеттері қойылған.
Транзитпен өтетін жүк автокөлік құралдары үшін елордаға кіру қала айналасындағы айналма автожол арқылы өту көзделген. Полиция қызметкерлері бір-екі минут ішінде планшеттердің көмегімен электрондық база бойынша құжаттарды тексереді.
Тексеру іс-шаралары кезінде шыдамдылық пен түсіністік көрсеткен автокөлік жүргізушілеріне және жолаушыларына алғыс айтқымыз келеді. Енгізілген шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әрбір тұрғынның және жалпы қала халқының денсаулығын сақтау үшін қажет.