Туымыз жығылмасын!
Түркістан облысында су басқан мектептің ауласынан мемлекеттік туымызды алып шыққан полицейдің әрекеті әлеуметтік желіде таралып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал ауданы Фирдоуси ауылындағы мектеп ғимаратының ауласын су басқан тұста Жетісай аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Есімжан Надиров мемлекеттік тудың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Биік тұғырда ілініп тұрған туды шешіп алып, орап, қауіпсіз жерге алып шықты. Тәртіп сақшысының бұл әрекеті әлеуметтік желіде кеңінен таралып, көпшілікті тәнті етті. Желі қолданушылары тарапынан «полицияда патриоттар ғана қызмет атқарады», «азаматтық», «туға деген құрмет» деген пікірлер білдіріліп, жедел әрекет еткен майорға алғыс айтушылар көп болды.
Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен аумақта полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіппен қызмет атқарып жатыр. Су басқан аймақтан адамдар мен төрт түлікті құтқару қызметін белсенділікпен атқарып, күні-түні қызмет етіп келеді. Одан бөлек тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көмек беру қызметтерін де атқарып жатыр.