Үш буынға жалғасқан полиция әулеті
15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Polisia.kz редакциясы құқық қорғау органдарында қызмет ететін отбасымен таныстырмақ.
Саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған Саламатовтар әулеті – бүгінде мәуелі бәйтерек. Ұрпақтары ата жолын қуып, қазіргі таңда ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып келеді.
Бақберген Саламатов 1965 жылдан бастап Қызылорда облысы Жалағаш аудандық ішкі істер бөліміне қатардағы милиционер болып қабылданып, әр жылдары түрлі жауапты қызметтер атқарған. Саладағы ұзақ жылдық еңбегі үшін «Милицияның үздік төсбелгісімен», «Ұлы Жеңістің 20 жылдығы» медалімен, КСРО ІІМ-нің І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, сонымен бірге «Кеңес милициясына – 50 жыл» және басқа да алғыс хаттармен марапатталған.
Әке өнегесін көрген Бекжан Саламатов қиындығына қарамай осы саланы таңдап, 1992 жылдан 2012 жылға дейін ішкі істер саласында жауапты қызметтер атқарып, полиция майоры шенімен құрметті зейнет демалысына шыққан. Қызмет барысында еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, Ішкі істер органдарының 10, 15, 20 жылдығына орай «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, «Кеңестік милицияның 100 жылдығы» медалімен, сондай-ақ, облыс, аудан көлемінде бірқатар марапаттарды иеленген.
Бүгінде ұлы Бақберген Абай полиция лейтенанты. 2018 жылдың тамыз айынан бастап Қызылорда облысы Жалағаш аудандық полиция бөлімінде қызмет атқарады. Екінші арнайы тобының инспекторы. Сондай-ақ осы әулеттің ұрпағы Саламат Абылайхан Бақбергенұлы да ішкі істер саласында қызмет атқарады. 2017 жылдың ақпан айында ішкі істер органдарына қабылданып, 2019 жылдың қазан айынан бастап Жалағаш ауданы полиция бөлімінде патрульдік-полиция тобының қызмет инспекторы лауазымында қызмет атқарады.
Әкесі мен ұлдары және немерелерінің ішкі істер органдарындағы жалпы еңбек өтілі 60 жылдан астам уақытты құрайды.