Қызметте де жұптары жазылмаған отбасы
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – өмірдің ең басты құндылығы саналы ұрпақ деп санайтын Естай Қыдырханов.
Е.Қыдырханов еңбек жолын 2007 жылы Зайсан қаласындағы Шекара қызметіндегі 2017 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша қызметінен бастады. Әйелі Қымбатпен сол Зайсан қаласында танысты. Сол жылы Қымбат Әнуарбекқызы Зайсан аудандық ішкі істер бөлімінде кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторы лауазымында қызмет атқарып жүрген кезі еді. Жұптары жарасып Естай мен Қымбат 2009 жылы шаңырық көтерді. Қазір олардың жанұяларында Жомарт, Абылай және Әбілмансұр атты үш қара домалақ ұлдары бар. Үлкен ұлы мектепте 4 сыныпта оқыса, кішкентайлары балабақшада тәлім-тәрбие алады.
Қазіргі уақытта Естай Еркінұлы ШҚО бойынша ҚАЖД ОВ-156/3 мекемесінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмысы бойынша бөлімінің жасақ басшысы лауазымында қызмет атқарады. Ал жұбайы Қымбат Әнуарбекқызы осы мекеменің тәртіп бөлімінде аға жедел уәкілі лауазымында қызмет атқарады. Қазіргі заманның аумалы төкпелілігіне, қызмет бабының қиыншылықтарына қарамай Естай мен Қымбат жұптарын жазбай қызметте де бірге.
Балапан қыран болып самғауы үшін оны тәрбиелеп, баптап ұшыратын ата-ана да қыран болуы керек. Себебі, бала үшін отбасы алтын бесік. Естай мен Қымбат – отбасы үшін бала тәрбиесіне өте терең мән беретін отбасылардың бірі. Сұхбат барысында Қымбат жұбайының қызметінің қиыншылығын білетіндіктен кешкі уақытта ас әзірлеп, жұбайын ашық жарқын қабақпен қарсы алуға тырысатындығын айтты. Өз кезегінде отбасының тірегі өзі екенін білетін Естай жанұя мәселесіне терең ден қойып, жұмыстан қанша шаршап келсе де, балаларын орталарына алып, олардың тәрбиелеріне қатты көңіл бөлетінін айтты. Отбасымен кешкі ашық жарқын ас мәзірінен кейін жұмыстан шаршап келгендігін де ұмытып, кіші ұлы Әбілмансұрмен бірге теледидардан мультфильмдер көретінін де айтып өтті.
Алтын бесік отбасы болса, жұмыс орнын екінші отбасым деп есептейтін Естай Еркінұлы жұмыс барысында өте қарапайым, өзінің әріптестеріне қол ұшын беріп, өзінің тәжірибесімен бөлісетін қызметкер. Естай Еркінұлы дұрыс тәлім тәрбие болашағымыздың кепілі деп санайтын болғандықтан қазіргі өсіп келе жатқан жас буынға жақсы тәлім тәрбие беріп, дұрыс жолға түсулеріне ат салысу керектігін айтты.