Тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың құжаттары дайындалуда
Полиция қызметкерлері су ортасында қалған адамдардарды қауіпсіз жерге алып шығып, эвакуция жұмыстарын жедел түрде жүргізе білді. Жолдарды ашып, кептелістің болмауын қадағалады. Жайылымда жүрген төрт-түлікті айдап, аман алып қалды. Күн-түн демей, тәулік бойы еңбек еткен тәртіп сақшыларының бұл қызметіне бүгінде алғыс айтушылар көп.
Мақтааралдық Ғалымжан Ибраевтың да қызметін ауылдастары мен әріптестері мақтанышпен айтуда. Әр басқосуда батылдығына, шұғыл шешім қабылдап, іс-әрекетке барғандығына ризашылық білдіреді.
«Ауылға тасқын су қаупі туралы хабар келгенде көшелерді аралап, әріптестерімізбен бірге халықты құлағдандырып жүрген болатынбыз. Кенеттен бұзаудың үлкен арыққа құлап кеткенін байқадым. Дереу жүгіріп барып, құлағынан тартып, судан шығарып алдым. Бұзау құлаған жерден шамамен екі жүз метр қашықтықта болатынмын. Менің орнымда өзге әріптестерім болса да, дәл осылай жасайтын еді», – дейді полицей.
Тәртіп сақшысының бұл әрекеті желіде қызу талқыланып, көпшілік назарына іліккен болатын.
«Мектептерді аралап, құжаттарын жоғалтып алған тұрғындарға көмек берудеміз. Тез арада дайындалып жатыр. Көпшілігі өздерімен бірге құжаттарын ала шыққандықтан, жоғалтушылар көп емес», – дейді тәртіп сақшысы.