Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мас күйінде өзгенің көлігін айдап кеткен шардаралық азамат ұсталды

Түркістан облысы Шардара ауданының полицейлері мас күйінде көлікті заңсыз айдап кеткен жүргізушіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өзгенің көлігін заңсыз айдап кету жайты Шардара ауданында орын алды. Бұл туралы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші өзіне қажетті заттар алу үшін қаладағы дүкендердің біріне тоқтап, “Ауди-100” маркалы автокөлігінің есігін ашық күйде қалдырып кеткен. 5-10 минут өткеннен кейін шығып, ол өзінің көлігін таппай қалған.

Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 500 мың теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 200-бабымен тіркелді. Орын алған қылмыстың ізін суытпай ашу мақсатында полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Полицейлерге бағыттама берілді. Соның нәтижесінде бір сағат ішінде жедел уәкілдер жинақталған құжаттар арқылы көліктің ізіне түсті.

Күдікті автокөлікті қала шетіндегі үйінің ауласына кіргізіп жатқан жерінен ұсталды. Тексеру барысында ұсталған азаматтың ішімдік ішіп алғандығы белгілі болды. Ол келе жатып, есігі ашық қалған автомобильді көріп айдап кеткен. Көлік заңды иесіне қайтарылды.

Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 200-бабы “Автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену”  бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Мұндай қылмыстарды болдырмау үшін полицейлер жүргізушілерге сақ болуға және көлікті қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Сондай-ақ, автокөлікті күзет дабылқаққышымен жабдықтап, арнайы тұраққа қою керектігін ескертеді. Егер сіз автокөлікті айдап әкетудің құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада “102” телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру