Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың құжаттары дайындалуда

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қарқынды түрде көмек көрсетілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлері су ортасында қалған адамдардарды қауіпсіз жерге алып шығып, эвакуция жұмыстарын жедел түрде жүргізе білді. Жолдарды ашып, кептелістің болмауын қадағалады. Жайылымда жүрген төрт-түлікті айдап, аман алып қалды. Күн-түн демей, тәулік бойы еңбек еткен тәртіп сақшыларының бұл қызметіне бүгінде алғыс айтушылар көп.

Мақтааралдық Ғалымжан Ибраевтың да қызметін ауылдастары мен әріптестері мақтанышпен айтуда. Әр басқосуда батылдығына, шұғыл шешім қабылдап, іс-әрекетке барғандығына ризашылық білдіреді.

“Ауылға тасқын су қаупі туралы хабар келгенде көшелерді аралап, әріптестерімізбен бірге халықты құлағдандырып жүрген болатынбыз. Кенеттен бұзаудың үлкен арыққа құлап кеткенін байқадым. Дереу жүгіріп барып, құлағынан тартып, судан шығарып алдым. Бұзау құлаған жерден шамамен екі жүз метр қашықтықта болатынмын. Менің орнымда өзге әріптестерім болса да, дәл осылай жасайтын еді”, – дейді полицей.

Тәртіп сақшысының бұл әрекеті желіде қызу талқыланып, көпшілік назарына іліккен болатын.

Ғалымжан Ибраев Мақтаарал аудандық полиция бөлімінде көші-қон полиция қызметінің аға инспекторы болып қызмет атқарады. Қазіргі кезде эвакуцияланған тұрғындардың құжаттарын толықтырып жатыр.

“Мектептерді аралап, құжаттарын жоғалтып алған тұрғындарға көмек берудеміз. Тез арада дайындалып жатыр. Көпшілігі өздерімен бірге құжаттарын ала шыққандықтан, жоғалтушылар көп емес”, – дейді тәртіп сақшысы.

Ғалымжанның ішкі істер саласындағы еңбек жолы 10 жылдан асады. Тәжірибесі мол тәртіп сақшысы әрдайым халыққа көмектесуге дайын. Жергілікті тұрғындарды тасқын су әбігерге салған тұста көшіру ісіне, адамдарды қауіпсіз аймаққа шығаруға және заттарын тасуға қол ұшын берген.

Мақтааралдық тұрғындардың қиын кезде қол ұшын созып, халыққа көмек берген полиция
қызметкерлеріне деген ризашылықтары жоғары.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру