Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жаркентте сиырларды ұрлаумен айналысқан барымташы қолға түсті

Мал ұрлығын кәсіп қылған күдіктінің төрт ұрлыққа қатысы бары дәлелденді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ол соңғы үш айда төрт ірі қараны қолды қылып, оның екеуі аман-есен иелеріне қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр, яғни барымташының жымысқы әрекетінен зардап шеккендер анықталуы мүмкін.

Жаркент қаласының 40 жастағы тұрғыны жалпы құны шамамен бір миллион болатын үш сиырының қолды болғаны туралы арызданған. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодекстің 188-1 бабы (мал ұрлығы) бойынша қылмыстық өндіріс қозғалып, тәртіп сақшылары ұрлықты ашуға бағытталған кең ауқымды шараларды қабылдаған.

Жедел-іздестіру барысында Панфилов АПБ Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері  Қуандық Жанпейісов пен Айдос Айтақын малдар жайылып жүрген жақта байлаулы тұрған сиырды байқаған. Байлаулы мал күдік тудырған соң, тәртіп сақшылары бақылау орнатып, сиырды әкетуге келген күдіктіні ұстап алған.

29 жастағы күдікті сиырды ұрлағанын мойындап, малының қолды болғанынан бейхабар Жаркент қаласының 35 жастағы тұрғынына ірі қарасы қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеу кезінде бұлтартпас айғақтар келтіріліп, күдіктінің бұған дейін орын алған үш сиырдың ұрлығына қатысы бары дәлелденді. Күдіктінің сиырларды ұрлап, ауылдастарына «базардан сатып алдым» деген желеумен сатқаны анықталды. Күдікті бұрын мал саудасымен айналысқандықтан, ауылдастары оның малын еш күдіксіз сатып алған. Тәртіп сақшылары тек бір сиырды тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Қалған екі ірі қараның сойылып кеткені белгілі болды.

Күдіктінің бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны және тергеу ісіне қолдау көрсеткені есепке алынып, сот шешімімен ол мекен-жайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.

Зардап шегушілер  малының аман-есен табылғаны үшін тәртіп сақшыларына алғыстарын білдіріп, бұдан кейін малдарын қараусыз жібермейтіндерін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру