Ақтөбе облысының су айдындарында рейдтік шаралар жүргізілуде
Халықтың қауіпсіздігі мақсатында Полиция департаментінің қызметкерлері ақтөбеліктерді тыйым салынған жерлерде, әсіресе мас күйінде шомылмауға және кәмелетке толмаған балаларды аса назарда ұстауға шақырады.
Жазғы кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыстың су айдындарында полиция, ТЖД қызметкерлері, еріктілер бірлесіп патрульдеу шараларын ұйымдастырады.
27 мамырдан бастап облыстың ПД-нің ат патрулімен белгіленбеген жерлерде шомылудың 14 фактісі анықталды, бұл үшін ақтөбеліктер ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабына сәйкес ескерту алды. Қоғамдық орындарда ішімдік ішкен екі адам анықталып, есірткіні сақтағаны үшін бір адам ұсталды.
Биылғы жылы аймақта 50-ден астам жағажай ашу жоспарлануда, оның ішінде 9-ы Ақтөбе қаласында және 42-і облыс аудандарында болмақ. Суға шомылу маусымы басталғанымен жағажайлар әлі жұмыс істемейді. Су түбіне тексеру жүргізілген жерлерде ғана суға түсу қажет. Әсіресе мас күйінде суға түсу, сондай-ақ кішкентай балаларды су қоймаларының жанында қараусыз қалдыру өте қауіпті.