Жас лейтенант тәжірибеден өткен пробация қызметіне қызметке тұрды
Ақтөбе облысында жас лейтенант өзі тәжірибеден өткен пробация қызметіне қызметке тұрды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының қолынан диплом және лейтенант шенін алған ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының түлектерінің бірі- Ахмет Ниязбек Аязбекұлы бұған дейін осы департаментке қарасты Алға аудандық пробация қызметінде іс-тәжірибеден өткен болатын.
– Алға аудандық пробация қызметінде іс-тәжірибеде жүргенімде, сотталғандарға көрсетілетін әлеуметтік көмектер және оларды жұмыспен қамту немесе қайырымдылық акцияларына қатыстыру секілді үкімет тарапынан және департамент бастығының тапсырмасымен көрсетіліп жатқан көмектер маған қатты ұнады. Өз кезегінде, Алға аудандық пробация қызметінің қызметкерлері де маған осы қызметтің қыр-сырын үйретті.
Сондықтан да сотталғандармен жұмыс жасау кезінде менде қиналыс болған жоқ. Себебі, төрт жыл бойы академия қабырғасында жүріп алған білімімді тәжірибемен ұштастыра білдім, сонымен қатар осы тұрғыда маған пробация қызметкерлері көмектесті.
Өндірістік тәжірибеден өтуіме үлкен үлес қосқан Алға аудандық пробация қызметкерлеріне алғысым шексіз және алғашқы қызметімді осы пробациядан бастайтыныма қуаныштымын, – дейді лейтенант Ниязбек.
Шындығында, Ниязбектің академияда білім алып жүріп, пробациядан іс-тәжірибеден өткен кезі елде төтенше жағдай енгізілген уақытқа тап келген-ді. Соған қарамастан, болашақ жас маман Алға аудандық пробация қызметкерлерімен бірге алдына қойған тапсырманы бұлжытпай орындай алды. Әсіресе, коронавирус індетіне байланысты онлайн режимде сотталғандарды тұрғылықты мекен-жайында болу және өз-өздерін індеттен сақтау бойынша онлайн режимде тәлім-тәрбие секілді жұмыстарды өте жоғары жауапкершілікпен атқарды.
Енді міне, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ саласындағы қызметкерлердің саптық қатарына тұрған жас лейтенант, күні ертеңнен бастап өзі өндірістік тәжірибеден өткен Алға аудандық пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандармен түрлі тәрбиелік-әлеуметтік жұмыстарды қолға алатын болады.