Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының полициясы мүлікті қалай сақтауға болатынын айтып берді

Алматы облысы ПД Күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы мүліктеріңізді қалай қауіпсіздікте сақтауға болатынын айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінгі күні қоғам күзет қызметінде бейнебақылауды, күзетілетін аймаққа кіруді бақылауды қамтитын қауіпсіздіктің интеграцияланған жүйелерін кеңінен пайдалануға тырысады, бұл күзетілетін объектілердің қауіпсіздігін айтарлықтай арттыруға, адам факторының әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Бейнебақылау жүйесіне жазылған ақпарат қылмыскерлер мен құқық бұзушыларды әшкерелеуде жиі қолданылады.

– Мүліктік қылмыстар, оның ішінде пәтер ұрлықтары азаматтардың өзекті мәселелерінің бірі. Әдетте, қылмыстық іс-әрекеттер нашар қорғалатын немесе тіпті күзетілмейтін объектілерге қатысты жасалады. Сондықтан да сенімді қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін шешу басымдыққа ие. Бүгінгі таңда қауіпсіздік саласы азаматтардың қауіпсіздігін, ақшалай және материалдық құндылықтардың сақталуын барынша қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін физикалық және техникалық күзет құралдарын қамтиды. Осы мақсатта облыс бойынша күзет қызметінің субъектілері жұмыс істейді. Жеке күзет ұйымдары физикалық күзет бекеттерін қою қағидаты бойынша күзет қызметін көрсетеді. Физикалық қорғау (күзет)-сауда құрылымдарында, банктерде, кәсіпорындарда, кеңселерде және басқа да коммерциялық құрылымдарда, сондай-ақ тұрғын үй кешендерінде және көп пәтерлі үйлерде қолданылады, – дейді Алматы облысы ПД Күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы Мейіржан Андабаев.

Күзет компанияларында жедел әрекет ету топтары бар, олар күзетілетін объектілерден орталықтандырылған бақылау пультіне келіп түсетін «дабыл» сигналдарына қызмет көрсетеді.

– Күзет сигнализациясы құралдарын монтаждауды, реттеуді және оларға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын фирмалар заңсыз ену мен жануға әрекет ететін күзет мониторингі жүйесін пәтерлер мен офистерге орнатады. Бұл фирмалар үй-жайларды бейнебақылау, кіруді бақылау жүйелерімен, домофондармен және иесін қауіпсіздендіруге арналған басқа да техникамен қосымша жабдықтай алады. Бүгінгі күні күзет сигнализациясы құралдарын жабдықтау нарығы әртүрлі және халықтың барлық өкілдеріне баға жағынан да, бренд тұрғысынан да қолжетімді. Бұның басты артықшылығы-егер ұрлық орын алған жағдайда, күзет компаниясы шарттық міндеттемелер аясында залалды өтейді, – деп түсіндірді Андабаев.

Сондай-ақ, бұл бағытта көп пәтерлі және жеке үйлердің тұрғындарымен тікелей байланыс жасайтын ПИК төрағалары мен аула комитеттері маңызды рөл атқарады, олар азаматтарға дабыл белгісін оператор-фирмалардың пультіне шығаратын, бейнебақылау және/немесе күзет сигнализациясын орнатудың тиімділігін түсіндіреді.

– Тәжірибенің көрсетуі бойынша, бейнебақылау жүйесі жұмыс істейтін жерлерде қылмыстың жалпы деңгейі айтарлықтай төмен болады. Бейнебақылау жүргізілетіндігі туралы жазуды көргеннен кейін құқық бұзушылар өздерінің қылмыстық ниеттерін жүзеге асырмауға тырысады. Кез келген азамат жеке түрде барлық қозғалыстарды бақылау үшін тұрғын үйде және оған жақындау жолдарында бейнекамералар орната алады, – деп түйіндеді Мейіржан Андабаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру