Алматы облысының полицейлері жол-көлік апаттарының басты себептерін атады
Алматы облысының жол сақшылары 2020 жылы облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда орын алған жол-көлік оқиғаларына талдау жасап, көлік апаттарының басты себептерін анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы алты ай ішінде облыста 800-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 28,2 пайызға төмендеген.
- Автожолдардағы көлік апаттарының алдын алу мақсатында биыл орын алған барлық жол-көлік оқиғаларына толыққанды талдау жасалды. Талдау нәтижесінде көлік апаттарының басты себептерінің бірі – жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтамауы. Жылдамдықты арттыру салдарынан 218 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 41 адам қаза болды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы, дұрыс маневр жасамау және жолдың қарсы бағытына шығу әрекеттері көлік апаттарын жасауға негізгі себептер тудыруда, - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.
Жол ережелерін өрескел бұзған жаяу жүргіншілердің де, қозғалыс барысында жаяу жүргіншіге тиісті басымдық бермеген жүргізушінің де әкімшілік жауапкершілігі қаралатыны анық.
- Биыл жол ережелерін сақтамаған 7 429 жаяу жүргіншіге әкімшілік хаттама толтырылса, 1200 астам көлік жүргізушісі жаяу жүргіншіге басымдық бермегені үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұл арқалады, - деп толықтырды полицияның ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.