410 ақтөбелік армян көліктерін тіркеді
Ақтөбе облысында Армениядан әкелінген 410 көлік тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 маусымнан бастап Үкімет қаулысына сәйкес елде Қазақстан Республикасы азаматтарының атына Қазақстан Республикасы аумағына Армениядан 2020 жылғы 1 ақпанға дейін кіргізілген, басқару құрылғысы сол жақта орналасқан көлік құралдарын тіркеу басталды.
– Көлік құралдарын тіркеу үшін көлік иелеріне жеке басын куәландыратын құжат,алым мен баждарды төлеу туралы құжаттар, көлікті тіркеу туралы куәлікті және Армения Республикасының уәкілетті органында берілген мемлекеттік тіркеу нөмір белгілерін ұсынуы қажет. Сондай – ақ құжаттар мемлекеттік немесе орыс тілдеріне аударылып, нотариуспен расталуы тиіс, – деді Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ерлан Алимагамбетов.
– Армениядан әкелінген көлік құралдарын тіркеу ережелерін түсіндіру үшін Полиция департаментінде Call-орталығы жұмыс істейді, 525-100 телефоны бойынша қоңырау шалып, Көлік құралын тіркеу жайында кеңес алуға болады. Көліктерді тіркеу уақытынан бастап 1,6 мыңнан астам адам кеңес алып, Армения Республикасынан әкелінген 410 көлік құралы есепке алынды, – деп толықтырды Е. Алимагамбетов.