Еңбек жолы өнегеге толы асыл азаматтың есімін қызметтестері мен әріптестері ешқашан ұмытпайды
ІІМ басшылығы мен ұжымы ұзақ жыл бойы ҚР ІІМ «Автокөліктік қызмет көрсету мекемесі» ММ бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары болған полиция полковнигі Исқақов Ардақтың қайтыс болуына байланысты отбасына, туған-туыстарына, ағайындарына көңіл айтады.
Ардақ Қабылбекұлы ішкі істер органдары қатарындағы қызметін 1993 жылы Қарағанды қалалық Ішкі істер басқармасы арнайы патрульдік қызмет батальонының әскери және қызметтік дайындық кадрлары жөніндегі инспекторы болып бастаған еді.
1997 жылы Мемлекеттік тергеу комитетінің Қарағанды облысы Ульянов ауданы бойынша бөлімі тергеу бөлімшесінің тергеушісі болып өзін тағы бір салада сынауға бел буды.
Одан кейін Бұхар жырау ауданында, Ақмола облысының Целиноград ауданында да біраз жыл тергеуші ретінде тер төкті.
Өз ісіне адал, табанды маман 2000 жылдардың басында ІІМ-нің орталық аппаратында, дәлірек айтқанда, Кадр және тәрбие жұмысы жөніндегі департаментінде инспектор, аға инспектор сияқты маңызды қызметтерді атқарды.
2012 жылдың басында Көліктегі ішкі істер департаментінде Кадр жұмысы жөніндегі басқарманың бастығы болып тағайындалған ол білікті ұйымдастырушы, іскер басшы ретінде көзге түсті.
Еңбек жолы өнегеге толы асыл азаматтың есімін қызметтестері мен әріптестері ешқашан ұмытпайды.